Қаңтар оқиғасы кезінде жақындарынан айырылған бірнеше адам бас прокуратураға барды

Бас прокуратура алдына жиналған Қаңтар кезінде жақындарынан айырылған бірнеше адам Азаттық тілшісіне шағымдарын айтып тұр. Астана, 14 мамыр 2025 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде жақындарынан айырылған бірнеше адам 14 мамырда бас прокуратура алдына жиналып, үкіметтен баспана мәселелерін шешіп беруді сұрады. Кәмелет жасына толмаған балаларын қарап, жұмысқа шыға алмағанын айтқан әйелдердің бірі асыраушысынан айырылған отбасына берілетін жәрдемақыдан өзге табыс көзі болмағандықтан күн көрісі ауырлағанын айтады.

- Бейбіт адамдар зардап шекті. Зардап шегіп қана қоймай, бізді көптің көзінше "террорист" деп атап, қорлады. Біз қалайша террорист боламыз? Қазір менің балаларым, немерелерім әкесіз, атасыз қалды. Ол нәпақа тауып, үйге әкелуші еді, қазір ол да жоқ, - деді марқұм Марат Мусабековтың әйелі Айнаш Смағұлова.

Қаңтарда оққа ұшқан Тілеужан Баталовтың әйелі Айнұр Дөненбекова биліктің құрғақ уәдесінен шаршағанын айтты.

- Менің үйім жоқ. Менің екі балам бар, ұлым бар, қызым бар, кәмелетке толмаған. Өзім жұмыс жасаймын, 160 мың теңге айлық аламын. Сонымен, айлықпен осы жаққа алтыншы рет келіп отырмын. Келген сайын алдап шығарып салады, «болды, шуламаңыздар, қайтыңыздар» дейді. Соңғы келгенде осы жерде бір азамат «сіздің мәселеңіз шешіліп жатыр, 15 күннің ішінде сізге хабарласады, үйіңізді аласыз» деген еді. 15 күн емес бір жарым ай өтті, ешқандай хабар болған жоқ. Сол мәселемен тағы келіп отырмын, - деді марқұм Тілеужан Баталовтың әйелі Айнұр Дөненбекова

Қаңтарда қаза болған Әкімжан Бектұрғанның әйелі Шапағат Қадырова да тұрмыс тауқыметін айтып, бір үйде 14 адам тұрғандықтан балаларынан жырақ өмір сүріп жатқанын жеткізді.

- Мен осы уақытқа дейін әке-шешеммен тұрып келдім. Ол кісілерге де рахмет, көмектесті. Бірақ бір үйде 14 адам тұрғандықтан мүмкін болмай кетті. Амал жоқ балаларды ата-енеме беріп жібердім. Түлкібаста тұрып жатыр, өзім қаладамын. Енді асырау керек, жұмыс істеу керек, кредиттеріміз бар. Сол қазір осылай өмір сүріп жатырмын, - деді ол.

Бас прокуратура алдына жиналғандар ақпарат құралдарымен тілдескеннен кейін кезекші прокурорға жолығамыз деп ішке кіріп кетті.

Азаттық бұл азаматтардың мәселелеріне қатысты бас прокуратураға ресми сауал жіберді. Бірақ әзірге жауап түскен жоқ.

Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде кездейсоқ қаза болғандардың отбасына 7 млн теңге берілгені хабарланған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды. Билік елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.

Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "адам өлтіру" айыбымен емес, "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.