Қазақстанда дипфейктер үшін айыппұл салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаттары жасанды интеллектінің жұмысын реттеу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат дипфейктер үшін айыппұл салуды қарастырады.

Жоба жасанды интеллектіден туындайтын қатер деңгейіне қарай оны классификациялауды ұсынады, оны жасаушыларға платформа құрады және оның деректері мен зияткерлерлік меншікті пайдалану мәселесін реттейді.

Нақты уақытта адамның бет-жүзін тану, келісімсіз манипуляция мен адамдардың осалдығын пайдалануға тыйым салынбақ. Бұған қоса, жүйелер ассистенттерді жартылай автономды және толық автономды (тыйым салынған) түрлерге бөліп ажыратады. Жаңа заңға сәйкес, AI келтірген зиян үшін оның иелері жауапты болмақ.

Заң жобасын таныстырған депутат Екатерина Смышляева платформадағы деректер анонимді болатынын, оған қолжетімділік шектелетінін, ал платформаның өзі маңызды ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылым нысаны ретінде қорғалатынын айтты.

Депутат қарапайым мамандықтарға тәуекел барын мойындап, бірақ кадрларды қайта дайындау маңыздылығын да атап өтті.

Оның сөзінше, жасанды интеллектіге жәй тыйым салуға болмайды және оқу-ағарту министрлігі оны мектепте қолдану бойынша этика кодексін дайындайды. Оның сөзінше, заң жобасының маңызды бөлігі – жасанды интеллект ұлттық платформасын құру. Бұл – жасанды интелект өнімдерін жасау мен пайдалануға арналған бірыңғай инфрақұрылым.

Мәжілістің спикері Ерлан Қошанов екінші оқылымға дейін пленарлық отырыста көтерілген барлық мәселені мұқият зерттеп, жасанды интеллектінің дамуы мен қауіпсіздік арасында ақылға қонымды баланс табуға шақырды.