Стамбұлдағы келіссөзге Путиннің көмекшісі Мединский бастаған ресейлік делегация қатысады

Владимир Мединский

15 мамырда Стамбұлдағы келіссөзге Владимир Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастаған ресейлік делегация қатысады. Ол 2022 жылы да келіссөз тобына жетекшілік еткен.

Кремльдің хабарламасына қарағанда, ресейлік делегацияның құрамына Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин, Ресей қарулы күштері бас штабы басқармасының жетекшісі Игорь Костюков, қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин кірген.

Бұған дейін Украина басшысы Владимир Зеленский келіссөзге Владимир Путиннің келуін талап еткен еді. Ол егер Путин келмесе, келіссөз мүлде болмайтынын айтқан. Бірақ кейін позициясын жұмсартты.

Зеленский сәрсенбі кешкілік мәлімдемесінде Стамбұлдағы келіссөзге Ресей жағынан кім қатысатынын білгеннен кейін украиналық делегацияның құрамын айтатынын жеткізген.

  • Стамбұлға бейсенбі күні келуі тиіс болған АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Түркияға жұма күні баратыны белгілі болды.