Трамп Стамбұлдағы Украина бойынша келіссөзге Рубио қатысатынын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп

Түркияда өтетін Украина мен Ресей бойынша келіссөз “айтарлықтай жақсы нәтиже беруі мүмкін” деп мәлімдеді Сауд Арабиясында жүрген АҚШ президенті Дональд Трамп.

Трамптың сөзінше, 15 мамырда өтетін Украина-Ресей келіссөзіне АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио барады.

Бұған дейін Америка ақпарат құралдары Стамбұлға Трамптың арнайы уәкілі Кит Келлог пен Таяу Шығыс бойынша арнайы уәкілі Стив Уиткофф қатысатынын жазған еді. Ақпаратқа қарағанда, америкалықтар келіссөз процесіне қатыспайды, тек оның барысын бақыламақ.

Эр-Риядта сөйлеген сөзінде Дональд Трамп “қантөгісті аяқтау үшін бар күш салатынын” айтты. “Оған қол жеткізе аламыз ба, көрейік” деді Америка басшысы.

15 мамырда Стамбұлда келіссөз өткізуді Ресей басшысы Владимир Путин ұсынған. Алайда оның қандай форматта өтетіні белгісіз. Украина басшысы Владимир Зеленский Стамбұлда Путинмен тіке сөйлесуге дайын екенін мәлімдеген. Бірақ дәрежесі одан төмен ресейлік ресми тұлғалармен сөйлеспейтінін ескерткен.

Ресей жағы Стамбұл делегацияға жіберетінін айтқанмен Путиннің қатысатынын-қатыспайтынын нақтылаған жоқ.

АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Ресей мен Украинаны тіке келіссөзге шақырып, өзінің Стамбұлға баруы мүмкін екендігін де жоққа шығармаған еді.